Құмар ойын – қасірет

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне облысымыздан депутат боп сайланған Мұрат Әбенов өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін дер кезінде көтеріп, оның уақытылы оң шешім табуына ұйытқы болуда. Осындай өзекті мәселенің бірі – өскелең ұрпақтың құмар ойындарға қатысы тақырыбында өрбіген болатын. Жақында халық қалаулысы ойын бизнесін ұйымдастырушы мекемелерді тексеру жөнінде еліміздің бас прокуроры мен Туризм және спорт министріне депутаттық сауал жолдаған еді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ, «Сыр бойы» газеті, 17.05.2011 ж.

«Соңғы жылдары ойын бизнесін мемлекеттік реттеу бойынша заңнама жетілдіріліп, елді мекендерде ойын мекемелерінің орналасуына тыйым салынды, сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігі күшей­тілгені белгілі. Десек те, менің атыма Қызылорда қаласы тұрғындарынан арыз-шағымдар көптеп түсуде», – депутат өз сауалында. – Ата-аналар балаларының тағдыры үшін қатты алаңдаулы. Олардың мәлімдеуінше, «интернет-клубтардың» атын бүркенген кейбір айлакер кәсіпкерлер ауылдарда балалардың арасында интернет арқылы нақты ақшаға «оn-lіnе» құмар ойын­дарын ұйымдастыруда. Бір ғана Қызылорда қаласында осындай 100-ден астам интернет клубтар бар.

Расында да ата-аналардың алаңдаушылығы орынды. Олардың арыздарына орай облыстық қаржы полициясының жүргізген алдын алу шаралары барысында облыс орталығындағы бірқатар интернет-клубтарда компьютерлермен әр түрлі құмар ойындар нақты ақшаға ойна­тылып жатқаны анықталған. Ондай ойындарға көп баратындар балалар екені белгілі. Демек, мыңдаған баланың тағдыры таразы басында тұр деген сөз. Бұл жағдай жасөспірімдердің психологиясына кері әсерін тигізуде. Құмар ойынға тәуелділік наша мен маскүнемдікке тәуелділіктен еш қалыспайды.

Интернет-клубтар арқылы құмар ойындар ұйымдастыру бүкіл Қазақстанға тән өзекті мәселе болып отыр. Оны көлеңкелі бизнес өкілдері түсінгісі де келмейді. Сонымен қатар қазіргі күні Қазақстанда спорттық покердің атын бүркеніп, құмар ойындардың жаңа түрлері ұйымдастырылып жатқаны жасырын емес. Қаржы полициясы органдары тарапынан Астана және Алматы қалаларында астыртын казинолардың қызметіне бүркеме ретінде қолданылған спорттық покер ойыншылары мен әуесқойларының бірнеше бірлестігі, тіпті оның республикалық федерациясы анықталған дерек те бар. Осы құмар ойын Астана, Алматы қалаларын былай қойғанда, облыс орталық­тарының өзінде өрістеуде.

Соңғы жылдары компьютерлік бағдарла­маларды қолданатын заңсыз лотерея ойындары да көбейіп кетті. Ол лотереялар бірде-бір құмар ойын түріне жатпайтын, ұтыс көлемі алдын ала белгісіз, техникалық құралы казиноның әдісімен жасалғаны белгілі. Өкінішке қарай, бұл жағдай­ды тексерушілер мен бақылаушылар ғана көрмей отыр. Көріп отырғанымыздай, интернет-клуб иелері мен спорттық покер ұйымдастырушылар «Ойын бизнесі туралы» Заңды өрескел бұзып отыр. Сондықтан Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдау қажет, деп есептейді депутат өзінің тиісті орындарға жолдаған сауалында.

Пікір қалдыру