Депутаттар мал өсіруді насихаттап жүр

Тоқсан сайын ел аралайтын Мәжіліс депутаттарының бұл жолғы сапары ауылдардан басталды. Мәжілісмендер Қ.Ыдырысов пен М.Әбенов көктемгі сапарын Жалағаш ауданындағы «Ақсу» ауылында жалғастырды. Көктемнің қарбалас тіршілігі ауылда қызатыны белгілі. Егін мен малдың жай-күйінен босамайтын ауыл адамдарымен кездесудегі негізгі әңгіме ауыл­шаруашылығы тақырыбында болды. Айта кету керек, Елбасының биылғы Жолдауы ауылды дамытуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда ауылдағылардың шағын кәсіппен айналысуына, мал өсіруіне, егін егуіне, болмағанда қайтадан оқып, қайтадан мамандық алуына жағдай жасалатыны депутаттар әңгімесінде де айтылды. Ауыл мектебінің акт залына жиналған ауылдың үлкен-кішісінің де депутаттарға қойған сауалдары да аз болмады.
Г. ДІЛДӘБЕКОВА, «Ақмешіт ақшамы» газеті, 05.05.2011 ж.

Атап айтқанда ауылдың жол жағдайы, зейнеткерлік жасы, ауылдық жерде тұрғын үй салып беру мәселесі айтылмай қалған жоқ. «Ауылда мал бағатын жастар жоқ» дейді ауыл ақсақалы К.Бар­баяқов. Тұрғынның осы пікірі көп нәрсені аңғартқандай. Шынында да бүгінде ауыл-аймақта, қала-далада жұмысшы мамандығына деген тапшылықты анық аңғартып тұр. Бүгінде мал бағатын малшы, жол салатын жолшы іздегендер аз емес. Дегенмен бұл салаға да қазіргі уақыт жаңашылдықты қажет етеді. Осы орайда мамандық алу күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігін Мәжіліс депутаты М.Әбенов атап айтты: «Бүгінгі күнге дейін қажеті шамалы, сұраныста жоқ мамандықтарды игердік. Ал, мемлекеттің алға қойған бағдарламасы бойынша жұмыстар қызған шақта қажетті маман тап­пай қиналдық. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол салынатыны қаншама уақыт бұрын айтылды. Жол жұмысы басталып кеткенде өзімізден маман таппадық. Жұмыс таба алмай жүрген, қолында дипломы бар мамандар бар, бірақ сұраныстағы мамандық иесінің бірде-бірі табылмады. Мәселен, жолға қатысты «геодезист» маман­дығы бойынша білім алған ешкім жоқ. Сол себепті мұндай маман­дарды Өскеменнен әкеліп, жоғары жалақылы жұмыс берілді. Сон­дықтан да қоғамда сұранысқа ие мамандықтарды таңдау керек.»

Депутат Қ.Ыдырысов баланы отбасынан еңбекке үйрету қажет­тігін айтты. «Қазір баласын оқытуға мемлекеттен алған ақша қайта­рылмай жатыр. Бүгінде 15 млрд. теңге қайтпай отыр. Бұл үш аудан­ның бюджеті. Өмірге деген көз­қарасты өзгерту керек. Үкімет кө­мектеседі дегенге, дайынға жүгіруді қою керек.Отбасынан бастап бала­ны еңбекке үйрету керек.»

Кездесу барысында ауыл тұр­ғынының бірі бүгінде малдың жүні мен терісінің іске аспай, ауыл сыртында үйіліп жататындығын атап айтты. Бұрынғыдай текемет басу ауылдың өзінде келмеске кеткен. Малдың терісі де ешкімге қажет болмай қалған. Ауыл тұр­ғындарының бұл ұсынысы бойын­ша аудан орталығында тері қабыл­дау орталығы жұмыс істеп тұр­ғандығы айтылды.

Депутаттар тарапынан биыл ауылшаруашылығына арналған бағдарламалар бойынша ауылға жасалатын мүмкіндікті пайдалану қажеттігі насихатталды. Атап айт­қанда, қайта мамандану, мал тұқы­мын асылдандыру, шағын кәсіппен айналысу бүгінгі уақыт талабы.

М.ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты: Әрбір отбасының саясаты мемлекет саясатымен тығыз байланысты болу қажет
Отбасы саясатының өзі мем­лекет саясатымен тығыз байла­нысты болу керек. Мәселен, мемле­кетте қандай бағдарламалар қа­был­данып жатыр, қандай маман­дықтар қажет, нені үйрену керек, отбасы да осыған бейімделу қажет. Еліміздегі бүгінгі қолға алынып жат­қан ең үлкен жоспар – ауыл­шаруашылығы саласында. Ендігі кәсіп-мал өсіру. Мал шаруашы­лығындағы ең үлкен мәселе біздегі мал етінің сұранысқа ие болмауы. Мәселен, біздегі ірі қара малының салмағы320 кг. болса, дүние жүзі бойынша ірі қара малының сал­мағы520 кг. екен. Сол үшін де мемлекет мал өсіремін дегендерге барлық жағдайды жасап беруге дайын. Атап айтқанда асыл тұ­қым­ды мал әкеліп береді, мал тұқымын асылдандыру орталық­тарын салып береді, бағып береді, оны сойып береді, сатуға көмек­теседі, мал бағуға ақша береді. Сонымен қатар ауылдағы жұмыс­сыздықты азайту үшін қайта оқытады, мамандық алып береді, жұмыс тауып береді. Кәсіп­кер­лікпен айналысу үшін, кәсіпкер­лікке үйретеді, оқытады, көрсетеді, болмаса, сұранысқа қарай басқа облысқа жібереді, үй дайындап береді. Ендігі мәселе, мемлекеттің жоспарына ілесіп отыру қажеттігі. Өткен жылы жол салатын маман іздеп таба алмаған секілді, енді мал бағатын маман таба алмайтын жағдай қайталанбауы тиіс. Мал бағу үшін де жаңа технологияны игеру керек.Сырттан әкелінетін малдың жем-шөбі қалай, бағылуы қандай, ауырып қалған жағдайда емдеуі қалай, бәрі-бәріне маман­дану керек.

Қ.Сарыбаев, ауыл тұрғыны: Ауылда кәсіпті дамытуға 3 млн-ға дейін несие берілетіндігі айтылып жүрген соң, сұрастырсам кепілсіз бермейді екен. Ауылдағылардың кепілге қоятын мүлкі жетіспейді?

М.Әбенов: Бұған дейін кепіл­сіз де несие берілді. Ол ақша қай­тарылмай қалды. Қайтарымсыз қаржы болмайды. Несие алған адамда жауапкершілік болу үшін кепіл міндетті түрде болу керек. Бір адамның кепілге қоятыны жетпесе, бірнеше адам бірігіп алуға болады.

А.Арысбаев, ауыл тұрғыны: Кезінде малды қолдан ұрық­тан­дыру басталып еді, кейін аяқсыз қалды. Инвесторлар тек күрішпен ғана айналысады. Содан соң, ауылда қысы-жазы жұмыс жоқ. Қауын-қарбыз да екпейтін болдық. Менің ұсынысым, шетелден мал әкелгенше, өзіміздің малды асылдандыру керек.

Қ.Ыдырысов: Малды қолдан ұрықтандыру мәселесі бойынша кезінде әрбір аудан орталығында ашылғанмен, пайдаланылған жоқ. Тұрғындар малын асылдандыруға ақша қимады. Шамалы ақша жұмсап, оның қанша пайда болып қайтатынын әлі де түсінбей жүрген секілдіміз. Ауылда мал өсіріп, бау-бақша егіп, кәсіп жасауға мүмкін­дік көп. Мәселен, Жалағаштың бір ауылында оқушы бала агент болып жұмыс істейді екен. Яғни, кімнің үйінде мал сатылады, қандай мал, бағасы қанша, соны мал алушы­ларға ұялы телефон арқылы хабар­лап отырады. Мал сатып алушылар оған тиісті ақшасын береді. Бұл да кәсіптің бір көзі. Кәсіп жасауға үйрену керек.

М.Қошықов, ауыл тұрғыны: «Дипломмен ауылға» бағдарлама­сымен қызым жұмысқа тұрды. Баспана үшін берілген 880 мың теңге қаржыға аудан орталығынан үй алу мүмкін емес…

М.Әбенов: Бұл мәселеңіз орын­ды. Жас мамандарға баспаналы болу үшін берілетін ақша нарық­тағы үйдің бағасымен есептелуі тиіс. Бұл мәселені көтеретін боламыз.

Депутаттардың ауылдағы­лар­мен кездесуінде мұнан бөлек ауылға балабақша, амбулатория қажеттігі, шаруашылықтардың жалақыны уақытылы беру мәселесі айтылды. Кездесу соңынан депу­таттардың жеке қабылдауына қалып, жеке мәселелерін айтқысы келген ауыл тұрғындары да аз бол­мады. Бұл кездесу елдің жаңаша еңбек етуге, бұрынғыдай тегін көмек емес, жұмыс істеуге, жаңа кәсіп бастауға ізденетін кез келгенін аңғартты.

Пікір қалдыру