Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Мұрат Әбенов: Сыбайлас жемқорлықпен күреске бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Бізде ондай заңбұзушылықты көре тұра, қазақшылыққа салып, «арызқой» деген атақтан қашып жүретіндер әлі де көп. Бұл – түбегейлі қателік. Бұл дерттен биліктен бұрын зиян шегетін – қарапайым халық.
«Жас қазақ» газеті, 13.05.2011 ж.

Президенттің жеке тапсырмасы бойынша Қорғас кеденіндегі қылмыстық топ құрықталды. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бір нақты мысалы болды. Әрине, кез келген оқыс қадам қоғам талқысына түсері хақ. Осы оқиғаға қатысты үш пікірді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тек мемлекет күресуі керек  деген түсініктен аулақ болуымыз керек. Ең қауіпсіз әрі «пайдалы» жемқорлық сол жемқорды анықтайтындардың арасында екенін уақыт көрсетіп берді. Кеше ғана анықталған Жоғарғы сот мүшелері, Кеден, Ұлттық қауіпсіздік қызмет­керлерінің былықтары – соның дәлелі. Бірнеше жыл ашықтан-ашық мемлекетімізді тонап, кәсіпкерлерді қинап, «көз қысты, бармақ басты» болып жүргендері әшкереленді. Сондықтан, бұл күреске бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Бізде ондай заңбұзушылықты көре тұра, қазақшылыққа салып, «арызқой» деген атақтан қашып жүретіндер әлі де көп. Бұл – түбегейлі қателік. Бұл дерттен биліктен бұрын зиян шегетін – қарапайым халық. Дәрі-дәрмек әкелетіндер ақша жымқырса, сапасыз дәріден балалар ауруға шалдығады. Ішкілік ішкенді полиция жібере салса, жазықсыздардың өміріне қауіп төнеді. Кеденшінің пара алғанынан баға қымбаттайды. Бес-он теңге сұрап алған, ұстаздар баламыздың болашағына балта шабады. Мемлекет «қашан күреседі» деп күтіп отырмастан, тез арада қылмысты тоқтатуға тиісті мекемелерді мәжбүрлеуіміз керек. Ал өзімізге тікелей қатысы болмаса да, қылмысты жасаған адам да күнәҺар, оны көре-біле тұра, жасырып, үндемей қалғандар да күнәҺар боп саналатынын ұмытпауымыз керек.

Айта кету керек, азаматтарымыз­дың құқықтық сауаттылығы төмен. Арыз- шағымдарды заңнамаларға сүйеніп жаза алмайды. Фактісін көрсетпей, қандай заңды бұзғанын айтпай, жалпылама,  көңіл-күйін, ренішін ғана жазады. Одан, әрине, еш нәтиже болмайды. Біз мемлекет тарапынан арнайы құқықтық бюро ашып беріп, тегін арыз-шағым жазуға көмектесуіміз керек. Себебі, арыз-шағымдар сапалы жазылса, көп қылмыстың алдын алуға болады.

Биліктің шенеуніктерді қызмет­теріне қарамастан, орнынан босатып, қатаң шара қолданып жатқанын ел қолдап жатыр. Мысалы, Қызылорда облысында 10 шақты күн болдық. Тұрғындардың құқықтық белсенділігі өте жоғары. Бұған дейін мұндай белсенділікті көрген емеспін.

Пікір қалдыру