Нар-маяның жүні – жібек, сүті – бал оны біздің әлі де түсіне алмай отырғанымыз өкінішті

Елімізде мал шаруашылығын дамыту бағытын ұстанғанмен, кейбір саласы назардан тыс қалып отыр. Оның бірі түйе шаруашылығы. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновпен әңгіменің арқауы осы тақырып.

Мұрат Абдуламитұлы, сіз таяуда Қазақстанда түйе шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауалмен шықтыңыз. Жылқы, қой шаруашылығын да дамыта алмай отырмыз. Сонда басқа емес, мал шаруашылығының осы саласын көтеруіңізге не түрткі болды?

Бағзы заманнан тыныс-тіршілігіміз төрт түлікпен байланысты біздің қазақ «Жылқы атасы Қамбар ата, сиыр атасы Зеңгі баба, түйе атасы Ойсыл қара, қой атасы Шопан ата, ешкінің иесі Сексек ата» дей тұра, «төрт түліктің төресі түйе» деген екен. Халық айтса, қалт айтпайды. Сондықтан, оған қандай да бір түсіндірме жасап, әуре болу да қажет болмас.

Өзіңізге белгілі, еліміздің азық-түлік кешені жүйесінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуды экономиканы әртараптандыру мен мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі деп атап өткенін білеміз. Осы орайда жоғары сапалы, экологиялық жағынан таза және бәсекеге қабілетті өнім (ет, сүт және жүн) өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі түйе шаруашылығы. Еліміздің тұрғылықты халқы ықылым заманнан бері түйе шаруашылығымен айналысады. Төрт түліктің ішінде түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген.

Олай болса, қолдағы мүмкіндіктерді пайдаланып, түйе шаруашылығын неге одан әрі қарқынды дамытпасқа? Түйеден неге беземіз, біздің салтанатымыз емес пе? деген сұрақтар мені көптен бері мазалап, оның байыбына барып, терең білу үшін зерттеулер, талдаулар жасағанды дұрыс көрдім.

Бұл саланы әбден зерделеп, зерттегеніңізді біз де байқадық. Жан-жақты талдау жасамай-ақ, мәселені төтесінен де қоюға болады емес пе?

Болады, әрине. Депутат мәселені көтергенде, оның шешілуін ойлайды. Елімізде шешілмей отырған мәселе де, проблема да жеткілікті. Бірақ, оның бәрін нақ қазір шешу мүмкін емес. Кез-келген мәселені шешу үшін қаржымен қоса уақыт керек. Сонымен қатар, оны шешудің мүмкіндіктері, маңыздылығы да назарда болуға тиіс.

Демек, Қазақстанда түйе шаруашылығын дамытудың алғышарты бар…

Иә. Республикада жайылымдық жер көлемі орасан үлкен. Анықтап айтқанда, 180 млн. гектардан аса жайылымдық жердің 80 млн. гектары шөл және 36 млн. гектары шөлейіт аймақта орналасқан. Бүгінде осы жайылымдық жердің 43 пайызы ғана пайдаланылады. Бұл мал шаруашылығын дамытудың орасан зор мүмкіндіктері болғанмен, оның пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Мұндай жайылымдарда төрт түліктің барлық түрін өсіру мүмкін емес екені рас. Жергілікті халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі осындай өнімділігі төмен жайылымдық жерді қой, жылқы және түйе өсіруге икемділікпен тиімді пайдаланғанын айқындайды. Соның ішінде түйе республиканың климаты қатал және мал азығының қиын жағдайларының өзінде өмір сүруге бейім болғандықтан, жайылымдықты мал шаруашылығының басқа салаларына зиянын тигізбей, жыл бойы пайдалана алады. Бұл аз шығынмен өзіндік құны төмен өнім алуға мүмкіндік береді. Аз шығынмен өзіндік құны төмен өнім алуға елдің бәрі мүдделі. Сондықтан, елімізде түйе өсіру мүлдем тоқырап қалды деуге де болмайды, белгілі деңгейде өсім бар. Мысалы, 2004 жылы республикада 125,7 мың түйе болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 158,6 мыңға жеткен, яғни, 6 жылдағы өсім 26,1 пайыз. Бұл жерде түйе шаруашылығының республиканың барлық аймақтарында емес, климаты аса қатал өңірлерінде дамып отырғанын атап айту қажет. Анықтап айтқанда, республикадағы түйенің 46,5 мыңы, яғни, 80 пайызы Маңғыстау, 31,4 мыңы Атырау, 28,1 мыңы Қызылорда, 16,6 мыңы Ақтөбе облыстарына тиеді.

Биылғы жаздың қуаңшылығына байланысты егін шаруашылығында өнімділік болмады. Әсіресе, батыс өңірдегілер, мысалы, ақтөбеліктер қысқа қажетті жемшөп қорын жасай алмай, қолындағы малын ерте бастан пұл ете бастады. Қазіргі кезде Алладан рахым күтіп, тәуекелге бел байлап отыра беруге болмайды. Экономикалық жағынан тиімді саламен айналысуға бағыт ұстаған жөн. Сондықтан да, әлгінде аталған өңірлер қолайсыз климат жағдайын ескеріп, егіншілікке иек артқаннан гөрі, мал шаруашылығының ішінде түйе шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударса, бұл тиімді ғана емес, әрі қажеттілік.

Айтар болсақ, жоғарыда айтқандай, бұл сала біз үшін таңсық емес. Бұрынғылардың тәжірибесі де, мүмкіндіктеріміз де бар. Мәселен, өткен ғасырдың отызыншы жылдары еліміздегі түйе саны 1 млн. 125 мыңға жеткен, бұл қазіргіден 7 есе артық. Сол кездері Қазақстан бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатардан орын алса, 1986 жылдың өзінде бүкіл Кеңестер Одағындағы түйенің 50 пайыздан астамы бізде болған екен. Және жыл сайын 65 пайыздан астам түйе еті, дәл сондай түйе жүні мен түйе сүті (шұбат) өндірілген. Сала көтерем болып отыр деген бүгіннің өзінде еліміз дүние жүзінде түйе өсіруден алдыңғылардың бірі. Қазіргі кезде кез- келген мемлекет «бізде мынандай бар, мынандай бар» деп өзінің жақсысын сыртқа танытып, көз қарықтырғысы келіп жатқан жоқ па? Қазақ «нар маяның жүні жібек, сүті бал» деген. Шұбат қазақтың бренді. Оны өндіруге мемлекеттік қолдау жасау арқылы дұрыс жолға қойып дамытып, сыртқа шығарсақ, халықаралық нарықта біздің визиттік кәртішкеміз болып, табыс көзіне айналатыны хақ. Әрі әлемде түйе шаруашылығындағы перспективалы бағыт нақ осы сүт өндірісі. Осыны дамытуымыз қажет. Осының бәрін ескере келіп, Үкімет басшысының назарын республикада түйе шаруашылығының дамуын тежейтін бірнеше проблемаға назар аударуды сұрадым.

Ол қандай проблемалар?

Біріншісі салада асыл тұқымды түйенің үлес салмағының аздығы. Жоғарыда бір сөзімізде түйе санының тұрақты өсімі, даму бар екенін айтып қалдық. Бірақ, өсім болғанмен, өнім өндіру төмен. Мысалы, 2008 жылы 5460 тонна түйе еті, 11 428 литр сүт, 463 тонна жүн өндірілсе, 2009 жылғы көрсеткіштер сәйкесінше 5268 тонна ет, 10 654 литр сүт және 442,4 тонна жүн. Өсім болғанмен, бұлайша түйе шаруашылығы өнімдерінің төмендеуі ең алдымен тұқымның нашарлығына байланысты.

Елдегі асыл тұқымды түйенің үлес салмағы қаншалықты?

Бүгінгі таңда түйе шаруашылығымен айналысатын 36 асыл тұқымды мал шаруашылығында 16,5 мың түйе бар. Ал, асыл тұқымды түйе саны республикадағы түйенің 10 пайызына да жетпейді. Көптеген шаруа және фермерлік қожалықтарда, үй жағдайын айтпағанның өзінде селекциялық жұмыс тіпті жүргізілмейді. Мұндай жағдайдың қалыптасуының бірден-бір себебі асыл тұқымды құндылығын бағалайтын арнайы дайындалған мамандардың болмауынан деуге болады. Сөйте тұра, Қазақстан зоотехникалық жағынан әлемдік ғылыми қауымдастықтың ерекше қызығушылығын тудырып жүр. Өйткені, біз түйенің бактриан және дромедар екі түрі және әрі көптеген будандары бар сирек елдер қатарына жатамыз. Бұл мүмкін емес басқадай жағдайларда зерттеулер жүргізудің мүмкіндігі.

Енді екінші проблема туралы айтсақ, ол өндірістің ұсақ тауарлығы. Нарықтық өзгерістер ірі түйе өсіру шаруашылықтарын жеке меншіктегі ұсақ шаруа қожалықтарына бөліп жіберді. Бұл өз кезегінде түйенің азаюына және осы саладағы өнім өндіру өнімділігінің төмендеуіне салқынын тигізді.

Айталық, 2009 жылы республикамыздағы жалпы түйенің және түйе өндірісінің  80 пайыздайы үй шаруашылықтарының қолында болып отыр. Мұндай жағдайда түйе тұқымын асылдандыру сияқты жұмыстар жүргізудің мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті саланы дамытқымыз келсе, орта және ірі шаруашылықтар құру қажет. Мұның тиімділігінің дәлелі ретінде Қызылорда облысындағы «Құланды» акционерлік қоғамын, Маңғыстау облысындағы «Таушық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, Алматы облысындағы «Дәулет Бекет және Агромеркур» шаруа қожалықтарын айтуға болады.

Маңызды үшінші проблема мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі. Қазіргі кезде түйе шаруашылығын дамытуға байланысты нақты мемлекеттік саясат жоқ. Өткен жылы Мәжіліс депутаттары тарапынан Үкіметке түйе шаруашылығы өнімдерін: ет, шұбат пен жүнді субсидияланатын мал шаруашылығы өнімдерінің тізіміне енгізу жөнінде депутаттық сауал жолданған болатын. Шұбатты субсидиялау мәселесі шешімін тапқанмен, түйе шаруашылығы дамыған өңірлердің шаруашылықтарының өкілдері бөлінген қаржының әділ және тең бөлінбейтіні туралы реніштерін білдіруде. Сондай-ақ, түйе еті мен жүні әлі күнге дейін субсидиялауға жатпайды.

Бұған қоса, бүгінде «Мал өнімдері корпорациясы» акционерлік қоғамы  еттік ірі қараны дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған салалық бағдарламасы тұжырымдамасының жобасын әзірлегені белгілі. Қарасаңыз, жобада мал шаруашылығанда ірі қарадан басқасының, соның ішінде түйе шаруашылығының ет өндіру бағытындағы жоғары экономикалық тиімділігі ескерілмей қалып отыр.

Мұрат Абдуламитұлы, ірі қара етін өндіруге қарағанда түйе етін өндіру арзанға түседі демексіз бе?

Әрине, солай. Менің бұл пікірім дәлелді болу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдарының деректерін келтірсек те жеткілікті. Ол деректер бойынша республиканың түрлі табиғи климаттық өңірлерінің түйе шаруашылықтарындағы түйе етінің өзіндік құны ірі қараның етіне қарағанда 2-2,5 есе арзан және 1-2 қойдың етінен есе төмен.

Сондай-ақ, жемшөп қоры мен жайылымды пайдаланудың ғылыми негізделген тәсілдерін енгізу мәселесі де шешімін таппауда.

Төртіншісі түйе шаруашылығы өнімдерін зерттеу мен оларды дәріптеудің жоғары деңгейде жүргізілмеуі. Себебі мал шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапалы, экологиялық таза өндірісін қажет ететін бүгінгі нарық жағдайында түйені көбейту, тіпті, маңызды болса, айтып отырғандай тиісті жұмыстардың жүргізілмеуінен түйе сүтінің, шұбаттың тағамдық, емдік, профилактикалық бірегей қасиеттерінің өзін аса көп толық білмейді. Ал, түйе сүтінің емдік қасиеттері өте зор. Ең алдымен ол жоғары нәрлілігімен ерекшеленеді. Туберкулез, сусамыр аурулары үшін шипалық қасиеті бар. Түйе сүтінің медициналық құрамын білу пайдалану ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берер еді. Түйе сүті құрамындағы майдың мөлшері 6 пайызға дейін, жылқы сүтінен 2-3 үш есе құнарлы.

Сол сияқты түйе жүні суық кездері тоңудан қорғап қана қоймайды, ол, тіпті, аптап ыстықта қызып кетуден сақтайды. Жібектей жеңіл әрі төзімді, ылғалды сіңіріп, басқа талшықтарға қарағанда буға тез айналдырып жібереді. Сондықтан нағыз таза түйе жүнінен тігілген белдеушелер созылмалы бронхит, радикулит, остеохондрозбен ауыратындарға ұсынылады.

Еті де  диеталық өнім, онда ішкі май қабаты болмайды. Мұның адам денсаулығына пайдасы көп.

Әрі «жесеңіз, дәмі аузыңыздан кетпейді», дейсіз ғой. Сіздің бір әріптесіңіз маған осылай деп еді.

Ол рас. Бір жеп дәмін көргеннен соң тамсанып, іздейтін жеңсік асыңызға айналады. Өкініштісі сол, Кеңестер дәуірінде кейбір жағдайларға байланысты дәстүрлі ұлттық сусындарды зерттеу ешқашан стратегиялық маңызды болмағандықтан, түйе сүті мен өнімдерін өңдеудің сол Кеңестер заманынан бастап ешқандай нормативті құжаттары жасалған жоқ. Бұл қазір бақылау мекемелері мен түйе сүті мен оның өнімдерімен жабдықтаушы фермерлердің арасында түсініспеушілік тудыруда.

Бесіншісі түйе шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясының дамытылмауы. Қазіргі уақытта бір де бір ауыл шаруашылығы саласы ғылыми негізделіп, озық технологиялар егізілмейінше бәсекеге қабілетті болмайды, әрі ойдағыдай дами алмайды.

Айтып отырғандай, бұл саланың негізінен ұсақ шаруашылықтардан құрылуы замануи технологияларды пайдалануға мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде оның одан әрі дамуын тежеп, өнімнің қымбаттауына әкеледі.

Осыған байланысты, түйе шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту сала технологиясын жетілдіруді және сауу мен жүн қырқу сияқты технологиялық процестерді механикаландыру арқылы ауыр дене еңбегін жоюды қажет етеді.

Қазақстан ғалымдарының машинамен сауу мен түйе жүнін қырқудың технологиясын жасап шығарып, тез бұзылатын сүт пен одан дайындалатын өнімдерді сақтау мерзімін ұзартуға және алыс қашықтықтарға тасымалдауға мүмкіндік беретін түйе сүтін қайта өңдеу мен қалбырлау технологиясын патенттегені де, сол сияқты 50-60 түйе мен осыншама ботасы үшін шағын сүт құралғысын жасағаны да рас. Алайда, ғалымдардың бұл еңбегі қаржыландыру көзі болмағандықтан, пайдаланылмай отыр.

Осы ретте кейбір шет елдердің тәжірибесін алсақ, Израильде түйе сүтінен сусамырлар үшін қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасайды. Әлбетте, бұл технологияны Қазақстанда да қолдануға болар еді.

Көріп отырғанымыздай, түйе шаруашылығының бүгінгі даму қарқыны қолда бар нақты мүмкіндіктерімізге сәйкес келмейді.

Сонда мүмкіндіктерді пайдалану үшін не істеу керек дейсіз?

Мен Үкімет басшысына назар аударуды қажет ететін түйе шаруашылығының дамуын тежейтін бес проблеманы атап көрсетіп, оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталдым. Осыған байланысты ол проблемаларды шешудің тетіктерін де қалыс қалдырмай, ұсыныстарды да қоса жібердім.

Кезекті сол ұсыныстарға берсек қалай болар екен?

Ол ұсыныстарды нақты атап көрсетсем: етті мал шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасының тұжырымдамасына түйе шаруашылығын да енгізу; түйе еті мен жүнін субсидиялау шараларын қарастыру және шұбатқа бөлінетін субсидия мөлшерін ұлғайту және оның тең бөлінуін бақылауға алу; қазақ түйелерінің тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізу; түйе шаруашылығы үшін жемшөп қорын қалыптастыру; жоғары және орта кәсіптік арнулы оқу орындарында түйе шаруашылығы саласына қажетті мамандарды дайындау; түйе өнімдерінің перспективті және бәсекеге қабілетті бағыттарын дамыту бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу; түйе шаруашылығы дамыған шалғай елді мекендерде бастапқы өндеу пункттерін құру мүмкіндіктерін қарастыру; түйе шаруашылығымен айналысатын орта және ірі ауыл шаруашылық құрылымдарын құру үшін олардың құқықтық және экономикалық негіздерін айқындау; түйе шаруашылығы саласындағы озық тәжірибені жинақтау және бұл саланы одан әрі ілгері дамыту мақсатында бұл сала дамыған өңірлердің бірінде халықаралық форум өткізу.

Проблема атап көрсетілді, оны шешудің ұсыныстары берілді. «Дайын асқа тік қасық» болатындай-ақ жағдай. Әйтсе де өзіңіз біліп отырғандай, ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара шаруашылығын дамытуға құлшынып, осы мақсатқа жету үшін шетелден миллиондаған қаржыға ірі қара алып келіп жатқан казіргі кезде, Үкіметті түйе шаруашылығы қызықтыратынына сенесіз бе?

Республика Президенті Жолдауында: «Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы, міне, осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру», дей келіп, бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру арқылы ғана шешуге болатындығын көреткенді. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, түйе шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасалуы тиіс.

Мұрат Абдуламитұлы, келесі әңгімені шұбат ішіп айтатын болайық. Әңгімеңізге рахмет.

Рәзиға Әшеева

«Алтын орда» газеті, 2010 жылғы 31 желтоқсан

Пікір қалдыру