Қазақстан үшін ғарыш саласының алар орны ерекше

Сәуірдің 12-сі – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Адамзат баласының ғарыш кеңістігіне көтерілгеніне 48 жыл толып отыр. Осы орайда әлем елдерінің ұстанған бағыттары, еліміздің ғарыш саласындағы көздеген мақсаттары мен оларды заңдық тұрғыдан жүзеге асыру жолдары туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов әңгімелейді.

– Мұрат Абдуламитұлы, Бүгінгі таңда Қазақстан да ғарыш саласын дамытуға баса мән беруде. Ал сіз сол «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан Қызылорда облысында туып-өстіңіз. «Байқоңырдың» пайдасын ел болып көруіміз үшін қандай істер атқарылғаны жөн? Ғарыш саласын игеру туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз.

– Қазақстан үшін ғарыш саласының алар орны ерекше. Бізді «Байқоңыр» арқылы да біраз елдер танып білді. Сонау Кеңес үкіметі жылдары да ғарыш айлағының Қазақстан жерінде орын тепкені айтылып жүрді. 1961 жылы сәуірдің 12-сі күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Юрий Гагарин тұңғыш рет ғарышқа ұшып шыққанда, адамзаттың алғашқы басты арманы орындалғандай болды.

«Байқоңырдан» ұшып шығатын зымырандардың ауаны ластайтыны жөнінде, экологияға тигізген зардаптары жөнінде аз айтылған жоқ. Дегенмен оның әлемдік деңгейдегі беделі талай адамды тамсандыратыны да жасырын емес. Қазір «Байқоңырды» Қазақстаннан Ресей жалға алып отыр. Көптеген келісім-шарттар жасалды. Ғарыш айлағын Қазақстанның да тиімді пайдалана білуі үшін Елбасының сіңірген еңбегі зор.

1991 жылы қазанның 2-сі күні қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа көтеріліп, халқымыздың жүздеген жылдар бойы армандаған биігіне қол жеткізді. Дәл сол сәттен кейін Елбасы қатысушыларға ғарыш агенттігінің құрылуы туралы хабарлаған болатын. Сондықтан біздегі ғарыш саласының да, мемлекет ретінде қалыптасуымыздың да тарихы бір-бірімен тығыз байланысты.

– Соңғы жылдары әлемнің бірқатар дәулетті мемлекеттері ғарыш саласын игеруге немесе өз ғарышкерлерін ұшыруға белсене кірісіп отыр. Ғарыш орасан зор қаражатты қажет ететін сала емес пе?

– Иә, дұрыс айтасыз. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, барлық дерлік ғарыш державалары «жұлдызды» жобаларды қаржыландыруды азайтудың орнына, қайта ұлғайтып отырғандығы соның дәлелі болса керек. Космостық бағдарламалар бюджеті осыдан бір жыл бұрын АҚШ-та – 16,8 млрд, Жапонияда – 5 млрд, Қытайда – 1,5 млрд, Ресейде – 1,2 млрд долларды құрағандығы өзін-өзі байқатып тұр. Демек, бұл пайдалы.

Осылай NASA америкалық агенттігі ғарыш саласына салған әрбір доллардың 5-6 доллар болып қайтатындығын хабарлаған. Мамандардың бағалауынша, соңғы жылдары Ресейдің ғарыштық зымыран саласындағы пайдасы үш есеге, ал оның қайтаымы екі есеге өскен. Әр салынған рубль экономиканың бір-бірімен байланысты салаларында 6-7 рубльге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Соңғы кездегі мұнай бағасының түсуіне орай қайтымына қатысты тайталаса алатын ғарышпен салалардың көп болуы неғайбыл.

Осы «ғарыш бәліші» бөлісуінен сырт қалмас үшін көптеген мемлекеттер өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, ғарыштық державалар қатарына қосылуға талпынуда. Ал бұған қол жеткізгендер қатары толысуын қаламайтынын байқатып қалады. Ағымдағы жылдың сәуір айындағы солтүстіккорейлік жер серігінің ұшырылуына қазіргі ғарыш державаларының әдеттен тыс теріс көзқарасы осымен түсіндіріледі. Бұл олардың айтуынша, ықтималды қарсыласты жоғары дәлдікті ұзақ қашықтық зымыран жасаудан тежейміз дегенінен гөрі, жаңа бәсекелеспен күреске көбірек ұқсайды. Себебі ғарыш қазірдің өзінде тарлық етуде – жер орбитасы «шексіз емес» болып шықты.

Осыдан екі ай бұрын тарихта алғаш рет ғарыштағы жер серіктерінің қақтығысып қалғанын білесіздер. Бұл таң қаларлық жағдай емес, өйткені жер айналасындағы кеңістікте 30 мыңнан астам жасанды ғарыштық нысандар ұшып жүр.

– «Бүгінгі күні жеке ғарыштық саланың бар болуы жоғары дамыған елдің сыртқы көрінісі ғана ма, әлде экономиканың тұрақты дамуының қажетті шарты ма?» деген көптеген сұрақтар туындауда. Бұл сауалға қандай жауап айтасыз?

– Дағдарыс кезеңінде ғарыш саласын қолдау жаңа серпіліс жасаудың маңызды тетігінің бірі ғана емес, әрі қарайғы дамудың негізі ретінде қажет деп танитындар қатарының бар екендігі жасырын емес. Алайда, онсыз да тапшы қорды шығындауды артық санайтын белсенді қарсыластар да бар. Ендеше тарихи ұқсастықтарға көз жүгіртуді ұсынамын. Тек экономикалық аспектілерін ғана қарасақ, өйткені саяси тұрғыдан көптеген бұрмалаушылық орын алатынын білеміз. Адамзат өз дамуында эволюциялық дамудың бір сатысынан екіншісіне өту кезінде түрлі дағдарыстар мен апаттарға кезіккен. Бір қызығы, сол мейілінше ауқымды дағдарыстар экономика дамуындағы революциялық маңызды көлік және коммуникация саласында жаңалықтар ашылғаннан кейін барып еңсерілген. Мен алғашқы қауымдық кезеңге дейін тереңдемей-ақ қояйын. Дөңгелек пен үзеңгінің пайда болуы «жылқы күшін» тиімді пайдалана отырып, жаңа жерлерге жылдамырақ жылжу мен жүкті көбірек тасуға мүмкіндік берді. Еуропа едәуір ұлғайып, қор жетіспеді. Сондықтан көрші елдермен таусылмайтын соғыс жүргізу немесе жаңа жер табу қажет болатын. Кемемен теңізде жүзу компас пен карта ойлап табылмаса, мүмкін емес еді.

Темір жол өндірістік революцияның басталуына ықпал етті. Автокөлік бізді мейілінше ұтқыр қылып, кіші және орта бизнестің дамуына көмектесті. Ал авиациясыз трансұлттық компаниялардың жұмысы, яғни халықаралық еңбек бөлінісі мен тауар айналымы мүмкін емес. Бүгінгі жаһандық жүйеде қазіргі заман адамын ғаламтор мен ұялы телефонсыз елестету қиын. Ал мұның әрбірінде бірінші жасалған үлгілері тіпті тиімсіз әрі үнемсіз болған жоқ па? Ойлап тапқандар келекеге айналды, олардың көпшілігі банкрот болды. Бірақ сынақтар өткізулер арқылы тәжірибе жинақталып, шығындар деңгейі қысқара бастады. Ал бұл өз кезегінде қоғамда көлемді түрде экономикалық, әлеуметтік, саяси өзгерістердің орын алуына итермеледі. Көңіл аударарлығы, сол ашылған жаңашылдықтардың өзі биліктің қолдауынсыз дамымай қалар еді. Патша ханшайымдары теңіз саяхатына қолдау көрсететін. Темір жолдарға патша жарлықтарымен ғана емес, тегін қоғамдық жерлердің берілуі, ауқымды шетелдік қаржы салымдары арқылы да көмек көрсетілді. Мемлекет демеуінсіз әуе кеңістігі де игерілмейтін. Ол көпке дейін тиімсіз есептеліп, реактивті қозғалғыштар шығып, сала пайда әкелемін дегенше, тек мемлекеттің арнайы субсидия жәрдем ақшасына ғана күн көрді. Ғаламтордың өзі ғалымдар мен әскерилердің арасында аса қажетті, бірақ ең қымбат байланыс түрі ретінде мемлекет қаржысына жасалған болатын. Ал бүгінде ақпарат алмасудың осы түрі уақыт пен қашықтық шектеулерін шеше отырып, экономикаға ғажайып пайда келтіруде. Осы келтірілген тарихи дәйектер бірнеше қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

– Қазақстан ғарыш саласын қалай дамытуы қажет деп есептейсіз?

– Біріншіден, бәсекелестік артықшылықтарға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық прогрессшіл салаға басым назар аудару қажет. Дәл осындай санатқа ғарыш саласы да жатады.

Екіншіден, жеткілікті бастама қоры қажет. Біз әлемдегі ең қуатты, тиімді, функционалды ғарыш айлағын – «Байқонырды» иемденеміз. Сондай-ақ ғарыш қызметін реттейтін кәсіби мемлекеттік құрылым – Ұлттық ғарыш агенттігі де бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы өз ісінің шебері, осы салада машықтанған азамат, «Халық ҚаҺарманы», Ресей батыры, үш мәрте ғарыш кеңістігіне көтерілген тәуелсіз Қазақстанның ғарышкері, Қазақстан мен Ресейдің екі мәрте генералы Талғат Мұсабаев. Ол танымал тұлға ретінде бұл салада көптеген маңызды қызметтер атқаратынына кәміл сенемін.

Үшіншіден, ең маңыздысы, Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ ғарышқа ерекше маңыз беріп келеді. Сонау 1991 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев журналистер сауалына жауап бере келіп: «Ғарыш айлағы – бүгінгі күні біздің әлемдік экономикалық сайыстағы жалғыз басымдығымыз!» деген болатын. Одан кейін де аз уақыт өткен жоқ, экономикалық және саяси жағдай өзгерді. Дегенмен де бұл саладағы мемлекет басымдығы одан да нығая түсті. Яғни, елдің индустриалды-инновациялық даму Стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, халықаралық маңызды серпінді жобалардың іске асуына, әлемдік ғылыми және ғылыми-техникалық кеңістікте кірігуіне ықпал ететін отандық ғарыш саласын жасау міндеті қойылды. Бұл шешімдердің барлығы нақты қаражаттармен бекітілген.

– Ғарыш саласының дамуы заңмен негізделуі қажет қой. Парламент депутаттары бұл салада қандай жұмыстар атқаруда?

– Әрине, бұл салада әлі де бірқатар қиындықтар бар. Мысалы, біз осы саланы жасақтауға кіріскенімізбен, әлі күнге дейін ғарыш қызметін реттейтін «Ғарыш қызметі туралы» заңымыз жоқ. Мұның себебі де белгілі. Қазақстан Республикасының «Ғарыш қызметі туралы» Заңының жобасы 2006 жылы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің өткен шақырылымының қарауына ұсынылған. Айта кету керек, ол кезде Қазақстанда ғарыштық қызметті реттейтін салалық орталық мемлекеттік атқарушы құрылым болмаған. Тек ҚР Білім және ғылым министрлігі жанында Аэроғарыштық комитет ғана бар еді. Бәлкім, аталған министрлікте ғарыш саласын терең игерген мамандардың жеткіліксіздігінен болар, заң жобасы барысында депутаттар айтарлықтай кемшіліктерді тапты. Құқықтық нормалары негізінен декларативті сипатта еді, ғарыштың экономиканың бір саласы ретіндегі маңызды мәселелері қамтылмады. Заң жобасының өзі небәрі сегіз беттен тұратындығы, әлбетте, өзін-өзі айқындап тұрғандай. Жағдайды Мәжіліс қабырғасында-ақ жөндеуге талпыныс жасалды. Жұмыс тобына мүше депутаттар 116 өзгерту енгізді, көптеген құқықтық ережелер Қазақстанның қолданыстағы заңдарына сәйкестендірілді және оның тіпті бүкіл мәтіні айтарлықтай өңделді. Енгізілген өзгерістер ілеспелі заң жобаларының жетілдірілуін талап етті. Сонымен қатар, депутаттардың енгізген барлық өзгерістері мемлекеттік шығынның ұлғаюын қажетсінетін, ол әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты Республикалық бюджеттік комиссия тарапынан қолдау таппады. Осыған байланысты Парламент Мәжілісі тарапынан Үкіметке Заң жобасын қайтарып, құрылған Агенттіктің кәсіби мамандарын қатыстыра отырып, сәйкесінше өңдеу және қосалқы заң жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізілді. Дегенмен, бұл заң жобасы алдағы уақытта жетілдіріліп, Мәжіліске келіп түсетін шығар.

Жалпы, біз «Байқоңыр» ғарыш айлағын тек сөз жүзіндегі мақтанышымыз ғана емес, мемлекетімізге қыруар пайда әкелетін кешен ретінде пайдалануға қол жеткізгеніміз абзал. Бұл саладағы көзделген жобалар жүзеге асса, осы мақсаттың орындалатынына сенемін.

– Рақмет әңгімеңізге.

АСТАНА. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/

Пікір қалдыру