«Жар басында жалғыз үй» депутаттық сауалға түрткі

Masa.kz интернет-газетінде жарияланған «Жар басында жалғыз үй» атты арнайы фоторепортаж бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен Алматы қаласының әкіміне жолданған депутаттық сауал

2011 жылғы 13 сәуірде жарияланды.
Менің депутаттық сауалыма түрткі болып отырған http://masa.kz/article/view/id/1327 интернет-газетінде жарияланған «Жар басында жалғыз үй» атты арнайы фоторепортаж. Бұл репортаж басқа мемлекеттік органдармен қатар Парламент депутаттарының назарына да жолданған екен.

Фоторепортажда Алматы қаласы Алатау ауданында Тереңқара өзені ағып жатқан сайда қоңыс тепкен маскүнем, жезөкше келіншектердің және олардың отбастарының күнделікті өмірі бейнеленген.

Онда балалардың қарапайым құқықтары тапталып жатқаны көрсетілген. Маскүнемділіккен салынған, жезөкшелекпен айналысатын ата-ана бүлдіршідерін өз беттерімен қалдырған. Осының салдарынан балалардың денсаулық сақтауға, қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқықтары бұзылып, тиісті мемлекеттік көмектен қағылып отыр.

Жан түршігерлік жағдай кімді де болса бей-жай қалдырмас.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі мiндетi екені белігілі.

Дегенмен, ата-анасы маскүнем болып, ондай міндетті сезінбеген жағдайда мемлекет балаларды өз қамқорлығына алуы тиіс. Конституциямыздың жоғарыдағы бабына сәйкес бала мемлекеттiң қорғауында болады.

Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатының мақсаты балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушiлiкке жол бермеу, құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру.

Балалардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, заңды іргетасы қаланған. Қолданыста «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Неке және отбасы туралы» заңдар бар. Сонымен қатар, 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 59-бабына сәйкес баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы белгiлi болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнiнде баланың iс жүзiнде тұратын жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтердi алған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

Алайда бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, білім беру органдары, денсаулық сақтау органдары өз өкілеттіктеріне немқұрайлы қараған.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 8-бабына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар:

1)     өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандардың және жайсыз отбасылардың өңiрлiк есебiн жүргiзедi;

2)     өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жұмысқа орналастыру және тұрмыстық жағдайын жасау, өзге де көмектер көрсету жөнiндегi шараларды қолданады.

Аталған заңның 10-бабына сәйкес iшкi iстер органдары өз құзыретi шегiнде:

1) кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн олардың ата-аналарын анықтайды, есебiн жүргiзедi және оларға қатысты жеке профилактикасы шаралары жүргiзедi;

2) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуы, құқық бұзушылықтары туралы және қоғамға жат iс-әрекеттерi, оған итермелейтiн себептер мен жағдайлар туралы мүдделi органдар мен мекемелердi хабардар етедi;

3) кәмелетке толмағандарды, олардың ата-аналарын және басқа заңды өкiлдерiн құқықтық тәрбиелеуде бiлiм беру органдарына жәрдемдеседi.

Жоғарыда көрсетілген заңның 15-бабына сәйкес денсаулық сақтау органдары өз құзыретi шегiнде:

1) кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң арасында санитарлық-гигиеналық бiлiмдi таратуды, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттауды;

2) кәмелетке толмағандар арасындағы маскүнемдiк, нашақорлық пен уытқұмарлық және осыған байланысты олардың мiнез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеп, iске асыруды;

3) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдары мен мекемелерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне консультациялық көмек көрсетудi ұйымдастырады.

Осы заңның 12-бабына сәйкес бiлiм беру органдары өз құзыретi шегiнде девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарды, тұрмысы қолайсыз отбасыларын анықтауға, оларды iшкi iстер органдарында есепке алуға және олармен жеке профилактикасы шаралары жүргiзуге қатысады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 11 наурыздағы N 224 Қаулысымен бекiтiлген Жалпы орта бiлiмнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесiнің 12 тармағына сәйкес Ұйым жергiлiктi атқарушы органның ұсынысы бойынша, бекiтiлген аумақ шегiнде мектепке дейiнгi жастағы және мектеп жасындағы балаларды дербес (аты-жөнi бойынша) есепке алуды жүргiзедi.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі мамандар қызметінің басым бағыты отбасы мен балалармен жұмыста отбасылық сәтсіздіктің бастапқы кезеңінде дер кезінде анықтау мен түзетуге жағдайлар жасауды көздейтін профилактикалық жұмысты ұйымдастыру болып табылады.

Балалардың құқықтарын қорғауға жауапты органдар фоторепортаждағы балаларды ерте анықтап, ата-анасымен жұмыс жасап, болмаған жағдайда балалар үйіне, интернатына тапсыру керек еді. Аталған ұйымдарда балалардың өмірі қиын болғанымен, «обед», ыстық тамақта білмейтін балаларға қажетті тұрмыс қамтамасыз етіліп, жағдайлары жасалынатын еді.

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес егер адам физикалық жағдайларына байланысты өз құқықтарын қорғауды жүзеге асыра алмайтын болса, прокурор оны қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi. Бұл ахуал прокуратура органдары қорғауға тиісті жағдай деп есептеймін.

Осы ретте, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, білім беру органдары, денсаулық сақтау органдарының балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белігіленген міндеттерін орындауларын жан-жақты тексеруді және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыруды сұраймын.

Белгіленген тәртіппен және жазбаша түрде жауап беруді сұраймын.

4 responses to “«Жар басында жалғыз үй» депутаттық сауалға түрткі

  1. мына материялды Абай сайтынан оқып едім. Аяп кеттім балаларды. Оларға көмек көрсетіліп, аналары жауапкершілікке тартылса жақсы болар еді.

  2. Обал ай….
    «Надан ұрпаққа кінәлі санасыз баба»

  3. «Лақтырбай әке, қисық жүрісті ана» балалардың не жазығы бар ?!

  4. Бұл балалардың тағдырына ақыретте ата-анасы жауапты болса, бұл дүниеде қоғам болып баршамыз жауапты боламыз.

Пікір қалдыру