Ырысты өнім күріш

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мұрат Әбенов Республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдады. Кеден одағына кірудің ұтымды жақтары көп екені анық. Бұл әрі 170 млн. адам құрайтын ауқымды өнім өткізу нарығы, әрі $ 600 млрд. көлеміндегі мемлекеттеріміздің өндірістік әлеуеті.

Әсіресе, Қазақстан үшін құрылып жатқан одақтың аграрлық саласының мүмкіндігі маңызды. Тек ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі $ 112 млрд-ты құрайды, әлемдік бидай өндірудің 12 % және бұл өнімді экспорттаудың 17 %. Дегенмен, Кеден одағына кірігу біздің еліміз үшін қосымша табыс, десе де, кейбір салаларда бұған дейін жеткен жетістіктерімізден қол үзіп қалуымыз да әбден мүмкін. Сондықтан біз өзіміздің мықты және әлсіз тұстарымызды ертерек саралап алғанымыз жөн, әрі қажетінше ықтималды кері әсерлерді азайту мақсатында арнайы алдын-алу шараларын жасау керек. Әлбетте, Кеден одағын құру идеясының негізгісі осы елдердің ішкі өнім өндірушілерін сыртқы бәсекелестіктен бірге қорғау. Дегенмен, Одақ ішінде әрбір мемлекет өз өндірушілеріне ғана арналған тарифтік емес қолдау жасаумен шектелмеген. Ол үшін ерекше шараларды пайдалануы мүмкін. Мысалы, өнім өндіруге деген тікелей көмек: субсидиялар, түрлі жеңілдіктер, арзан несиелер, көлік тасымалдау тарифтерінің төмендетілуі және тағысын тағылар. Немесе жанама көмек: инфрақұрылымның жасалуы, ғылымның қолдау табуы, тек өз өндірушілеріне пайдасы бар түрлі техникалық стандарттардың және лицензиялардың енгізілуі және т.б. Егер бұл шараларды Кеден одағына кірген мемлекеттер бөлек қолданатын болса, онда бұл құрылым ішінде теңсіз бәсекелестік орын алуы ықтимал. Дәл осы ретте қазақстандық күрішшілер Кеден одағына кіру кезеңінде ресейлік әріптестерімен теңсіз бәсекелестікке тап болатындықтары жөнінде айтарлықтай қобалжуда.

Күріш өндіру саласындағы қалыптасқан жағдай туралы

Биылғы бидай астығының көптен болмаған молшылығы мен оны сатуда туындаған сан алуан мәселелердің салдарынан отандық күрішшілердің жеткен жетістіктері тасада қалып қойды.

Десе де, қазақстандық күрішшілер осы жыл-ғы табыстарымен мақтана алады. Көп жылдардан бері алғаш рет мемлекеттік қолдау нәтижесінде күрішті жалпы жинаудағы өнім өткен жылмен салыстырғанда 26 %-ға ұлғайып, шамамен 360 мың тоннаны құрады. Қосымша 100 мың тонна қара күріш өндірілді. Күрішшілердің несібесіне Сырдария өзенінде судың аз болады деген болжамдары орындалмады, соның арқасында күріш егістіктері өткен жылмен салыстырғанда 14 %-ға, яғни 75,7 мың гектардан 86,6 мың гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, күріштің түсімі де гектарынан орта есеппен 33 центнерден 43 центнерге дейін өсті.

Алдағы жылға тұқымдыққа қажетті көлемді санамағанда, қалған қара күрішті өңдегеннен кейін 130-140 мың тонна ақ күріш алу жоспарлануда. Мемлекетімізде тұрғындардың бір жыл ішінде күрішті пайдаланылуы шамамен 140 мың тоннаны құрайтынын ескерсек, отандық күрішшілер биыл елдегі қажеттілікті толық қамтып отыр. Алайда, бұл саланың қарқынды дамуы бірқатар жүйелі проблемалардың бетін ашып берді.

Ең негізгісі баға мәселесі. Егер қазан айында ғана отандық күріштің бір келісі 140-150 теңгеден сатылса, қазіргі уақыттағы оның бағасы күрт төмендеп кетті, 100-110 теңгеден аспайды. Сәйкесінше бір тонна қара күрішке баға 40-45 мың теңгеге дейін түсіп кетті. Ал, 1 тонна қара күрішті өндіру үшін 37-40 мың теңге қаржы жұмсалады. Соның өзінде, бұл нарыққа қатысушылардың белсенділігі өте төмен. Сол себептен күрішшілер жинаған егінін сата алмай отыр. Ал, шаруа қожалықтарының көпшілігінің несие берушілер, жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыш берушілердің, лизингтік компаниялардың алдында міндеттері бар екені белгілі. Бұған қоса, ауыл еңбеккерлері маңдай терімен тапқан еңбек ақылары кешіктірілуі себебінен жаңа жылдық мерекеге көк тиынсыз қалып отыр.

Бір қарағанда бұл проблемалар астық нарығында орын алып отырған жағдайға ұқсас. Дегенмен, бидайды өсіруге байланысты проблемаларға қарағанда күріш шаруашылығының ерекшеліктері бар. Біріншіден, бидайға қарағанда күріш астығы толық көлемде ішкі сұранысты қанағаттандыруға арналған. Екіншіден, ол елдегі қажеттіліктен артық өндірілмеген, керісінше қосымша күріштің әртүрлі сорттарын сырттан импорттауға деген қажеттілік бар. Сонда өндірілген күрішіміз өзімізге керек, бағасы да төмендеді, неге өтпей жатыр деген сұрақ туындайды?

Қазақстандық күріштің бәсекелестік деңгейінің төмендігі?

Басты себеп ағымдағы жылдың басынан шетел өндірушілері тарапынан қазақстандық ішкі нарыққа қысым ұлғайды. Мысалы, осы жылдың 8 айында елге 22,7 мың тонна күріш импорттанды, бұл көрсеткіш өткен жылдың осындай мерзіміндегі 10,3 мың тоннадан 2 есе артық болып отыр. Сонымен қатар, осыдан екі жыл бұрын отандық күрішке қытай өнімі негізгі бәсекелес болса, соңғы айларда оның орнын ресейлік күріш басып отыр. Бұған, әрине, ресейлік тауар өндірушілер үшін импорттық кедендік баж салығының алынып тасталуы сияқты кедендік артықшылықтар ықпал етті. Сапасы жағынан көбінесе біздікінен тәуір ресей күрішінің орта бағасы қазақстандық күріштен 5-10 теңгеге төмен. Ал жеңілдіктерді пайдаланбайтын Қытай күріші біздің күріштен қымбат.Зерттеп қарасақ, Ресей күрішшілерінің нарық бәсекелестігінде озып түрғанының өзіндік орны бар. Себебі көршілес мемлекеттің өз өндірушілерін қолдау саясатының арқасында соңғы жылдары күріш егу жоғары қарқын алып отыр. Мысалы, оларда 2003 жылдан 2009 жылға дейін өндірілген күріштің жалпы көлемі 2,7 есеге өскен. Биылғы жылы күріш астығының көлемі соңғы 20 жылда болмаған рекордтық деңгейге – 1 млн. тоннаға жеткен. Күріштің өнімділігі бір гектарға 65-70 центнерге дейін өскен.

Бұл табыстарға жетуге дақылдың өндірісі мен өнімділігіне қорғау және ынталандыру шаралары да ықпал еткен. Көршілеріміз соңғы 3 жылда кедендік тарифтерді жоғарылату нәтижесінде сырттан келетін күріш көлемін күрт азайтты. Үстіміздегі жылғы 10 желтоқсанда Ресей үкіметі 9 ай мерзімге күрішке қатысты кедендік алымның ставкасын тоннасына 70-тен 120 евроға дейін тағы көтерді. Сонымен қатар, күріштің сапасына, әсіресе, гендік өзгеріске ұшыраған өнімге қатысты күшейген талаптар Ресейге қытай күрішін алып келуге едәуір тос-қауыл болды. Бюджет қаржысына күріш алқаптарының жарамдылығын сақтау, жаңа күріш алқаптарын іске қосу мақсатында кең көлемде мелиоративтік шаралар жүргізілуде. 2009 жылдың 4 тоқсанында Краснодар өлкесінде 17 мың га құрайтын 2 мелиоративтік жүйе қолданысқа енгізілмекші. Мемлекет тарапынан 90 жылдары құлдыраған суландыру жүйелерін қалпына келтіруге және күріш алқаптарын мелиорациялауға бірнеше жүздеген миллион рубль бөлу жөніндегі жоспар бізге мәлім.Оның үстіне, күріш шаруашылығында проблемаларды кешенді түрде шешу үшін «Ресей күріші» атты федералдық бағдарлама әзірленуде.

Өкінішке орай, дәл осындай жүйелі шаралармен біз әзір мақтана алмаймыз.Бұл мысал біздің отандық күріш өндірушілер 2010 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін Кеден одағы жалпы ережелерінің іске аспай-ақ көршілердің күрішшілерімен бәсекелестікке толық дайын еместігін көрсетеді.

Күріш сорттарының жетіспеушілігі

Күріштің кез-келген сорты 3-4 жылда ескіреді, сондықтан сорттарды жаңартуды қажет етеді. Қызылорда облысының күрішшілері егіп келе жатқан «Маржан» және «Кубань» сорттары 20 жылдан асты. Ал, Ресейде күріштің 40-тан астам жаңа сорттары шығарылып, пайдаланылуда. Бұл өнімділікке де, күріш кәсібінің ти-імділігіне де әсер етеді. Мол өнім алу үшін және сапасын арттыру мақсатында элиталық тұқымдарға субсидия бөлінеді. Субсидия көлемі 1 тоннаға 5 400 рубльді (26 мың теңге) құрайды. Субсидия есебінен күрішті өндіру тиімділігі 6-7 %-ға артады. Ал, элиталық тұқымның арқасында өнімнің артуы бір гектарға кемінде 3-4 центнерді құрайды. Қазақстанда күріш түрлерін өсіру біржақты, халықтың қажеттілігі ескерілмей дамып келе жатқан сияқты. Біздің елімізде тек негізінен палау мен ботқа жасайтын домалақ дәнді күріш өндіріледі. Ал, гарнирлерге жарайтын және қоғамдық тамақтандыру орындарына қажетті ұзынша дәнді күріш бізге басқа мемлекеттерден тасымалдануда. Мұндай жағдай басқа мемлекеттерде де болған. Мысалы, күріш көлемі 220 мың га құрайтын Италия соңғы жылдары Азия елдерін жолда қалдырып, ЕвроОдақ елдеріне ұзынша дәнді күрішті таситын негізгі экспорттаушыға айналған. Салқын ауа райы жағдайында ұзынша дәнді күріш өспейді деген Ресейдің өзінде осындай күріштің «Снежинка» деп аталатын сорты шығарылған. Қазақстанда ұзынша дәнді күріш сортын енгізу келешекте бізге оны Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік берер еді.

Отандық сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету қажеттілігі

Қызылорда облысының күрішшілеріне отандық өндірушілердің тыңайтқыштарын алуды субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 423 млн. теңге бөлінген болатын. Бірақ, оны іске асыру тетігінің дұрыс ойластырылмауы себепті осы жылдың соңына дейін бөлінген соманың 2/3 бөлігі немесе 273 млн. теңге игерілмей, бюджетке кері қайтарылды. Биыл отандық өндірушілерден тыңайтқыштар алу үшін диқандарға арналған субсидиялаудың бюджеттік бағдарламасы, күрішшілердің айтуынша, оларға жеңілдік әкелген жоқ. Жалпы осындай мәселелер неге жыл басталмай жатып шешіліп алдын ала хабарланбайды. Мұндай субсидиялау механизмін енгізуге дейін көптеген күрішшілеріміз тыңайтқыштарды шетелдік өндірушілерден алып қойған. Себебі келісім шартқа отырып, алып келем дегенше талай уақыт қажет, ал егін уақыты күттірмейді. Мысалы, өткен жылы тәртіп басқаша болды, кімнен алады, қай түрінен алады шаруашылықтың өзі шешті. Сонымен бірге, күріш өсіруге қажетті азоттық тыңайтқыштар – карбамид, аммоний сульфаты – біздің елімізде мүлдем шығарылмайды немесе өте аз көлемді шығарылады. Ал жеңілдік жөнінде айтылған кезден-ақ тыңайтқыш шығаратын жергілікті зауыттар бағаны бірден көтеріп жіберді. Қажетті соманың жартысын мемлекет төлейтінін ескерсек те, тыңайтқыштарды Ресейден сатып алу әлдеқайда арзан болды. Олардың тыңайтқыштары сапалық жағынан да біздікінен жақсы. Бұл өз қолымыздан жасаған қиындық емес пе? Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, күріш шаруашылығы саласы үлгісінде Кеден одағына кіретін елдерде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау механизмдерін біркелкілендіру бойынша қажетті шараларды қабылдау тиімді болар еді. Осындай күшті ішкі бәсекелестік пайда болуы ықтимал салаларда жалпы кедендік тарифтік реттеумен қатар бірыңғай қолдау шаралары жөнінде келісіп алу қажет. Сол себептен жедел түрде қажетті шараларды қабылдау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу үшін тапсырма беруіңізді сұраймын. Өзіміздің күрішті қажетті көлемде өндіру бұл тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, алыпсатарлыққа да шек қою мүмкіндігі екені белгілі. Мысалы, 2007-2008 жылдары сырттан импортталған күрішке деген тәуелділік және оны тұтынушыларға жеткізудегі уақытша іркілістертер салдарынан күріш бағасы күрт 3-4 есеге дейін өсіп кеткені есімізде. Осы орайда Қызылорда облысы тұрғындарының жартысынан астамының күріш шаруашылығына қандай да бір қатысы болғандықтан, бұл саланы қолдаудың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, келесі нақты кешенді шараларды қабылдауды сұраймын. Жедел түрде «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы тоннасына 60 мың теңгеден 30-40 мың тонна көлемінде күріштің мемлекеттік сатып алуын қарастыру. Бұл шаруашылықтарға тез арада ең болмағанда қарызын өтеп және жұмысшылардың айлық қарызынан құтылуға мүмкіндік берер еді. Көктемде баға қалыптасқаннан кейін оны қайтаруға болады. Күріш шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ресейлік секілді кешенді шараларын қабылдау. Жаңа күріш түрлерін, оның ішнде ұзынша түрдегі сорттарды әзірлеу және енгізу үшін қажетті қаржыны бөлу.

Субсидия беру тәртібін жаңа жыл басталмай бекітіп барлық шаруашылықты алдын ала хабардар ету. Кеден одағына кіретін елдердің өндірушілерінен тыңайтқыштарды да алдағы уақытта сатып алуды субсидиялау мәселесін қарастыру.

Сәуле ДОСЖАНОВА, «Ел» газеті, 29.12.2009 ж.

 

Пікір қалдыру